Ақтөбеде республикалық "Тұлпар мініп, ту алған!" байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті

18 қазан, жұма Ақтөбе қаласындағы  Өнер орталығында «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі өтті. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының аясында өткен  шараға  облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларды  құттықтады.
««Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ақтөбе облысының дамуына серпін беріп, қоғам талабымен үйлесім тапты. Оның бір дәлелі  «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы. Бұл байқаудың ақтөбелік балалар арасында кең қолдау табуында да ерекше мән бар.Себебі Ақтөбе жері – батырлар мекені. Тарихта өшпес із қалдырған қос Есет батыр, Қобыланды мен Бөкенбай,  шығыс жұлдызы атанған батыр қыз Әлия Молдағұлова – Ақтөбенің мақтаныштары. Мұндай ұлылар мекенінде дүниеге келген балалардың батырлар жырына қызықпауы мүмкін емес. Байқау арқылы ата-бабамыздың тәрбие тәсілі қайта жаңғырып жатыр. Сондықтан бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы игі бастама. Біз тек атадан қалған сырлы сөздер мен рухани үлгімен ғана рухани түлеп, саналы түрде жаңғырамыз.«Тұлпар мініп, ту алған!» секілді жобалар арқылы бай мұрамызды бойына сіңірген, ұлттық рухы мықты ұрпақ өсіп-өнеді»,-деп атап өтті аймақ басшысы.
Оңдасын Оразалин байқау жеңімпаздарына  және олардың жетекшілеріне қаржылай сыйлық табыс етті.
1-ші орын алған Алға ауданы  № 3 Алға орта мектебінен 10-сынып оқушысы Мұрағат Бекеновке 1 000 000 теңге және оның жетекшісі  Бақтыгүл Қойшығұловаға 2 000 000 теңге, 2-ші орынды иеленген Ақтөбе қаласынан №21 мектептің 6-шы сынып оқушысы Амира Сәбитова  600 мың теңгеге, оның жетекшісі Роза Баекешоваға  1 млн 200 мың  теңге, 3-ші орынға    Хромтау ауданынан  Рауан Амангелді қол жеткізді, №5 мектеп гимназиясының 8-сынып оқушысы 300 мың  теңгеге ие болды.

Жетекшісі Торғын Жанұзақоваға 600 мың  теңгенің сертификаты берілді. Аталған жеңімпаздар Ақтөбе облысы әкімінің дипломымен марапатталды.
Байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептің 51 328 оқушысы мен 23 128 мұғалім қатысса, Ақтөбе өңірінен 2311 оқушы және байқауға қатысушы оқушыларды дайындайтын 979 мұғалім қатысты.Олардың ішінде 28 азамат түрлі этнос өкілдерінен.
Ережеге сай, 6-11 сынып оқушылары 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтудан сайысқа түсіп, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Байқаудың бірінші кезеңі  16-30 қыркүйек аралығында өткен болатын. Нәтижесінде облыстық кезеңге 40 оқушы іріктелген болатын.
Бірінші орынға қол жеткізген жеңімпаз 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауға қатысатын болады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі