Ақтөбеде адасуға түскен 100-ден астам азамат дәстүрлі дінге оралған

24 қазан, бейсенбі Ақтөбеде облыс әкімдігінің қолдауымен халықаралық сараптамалық «Дерадикалдандырудың заманауи тәжірибелері» тақырыбында жиын өтті.

Басқосуға "Нұр Мүбарак" ислам мәдениеті университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы орталығының директоры Асқар Сабдин, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министірлігіДін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров және Ресейден Мемлекеттік педагогика психология университетінің кафедра доценті Ольга Павлова, Египет елінен "Нұр Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы Хасан Матар, Мадих Абдулла, Дағыстаннан Дағыстан мемлекеттік халық шаруашылығы университетінің экстремизм және терроризм идеологиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі ғылыми-тәжірибелік лабораториясының басшысы Хабиб Могамедов,Татарстаннан Исламтануды зерттеу орталығының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Ринат Патеев сынды дін саласының мамандары қатысты. Қазіргі кезде экстремистік діни идеологияның кеңінен таралып, әлемдік деңгейде алаңдаушылық туғызып отырған жағдай екенін айтқан аймақ басшысы шараның маңыздылығына тоқталды.
"Сырттан келіп біздің руханиятымызға түзету жасағысы келетіндерге тосқауыл қою, олардың шынайы ниетін анықтай білу маңызды іс. Себебі,бізге ислам дінін үйретудің қажеті жоқ. Халқымыз ежелден-ақ бұл дінді мемлекеттік дін ретінде ерікті түрде қабылдаған. Ұлтымыздың салт-дәстүрімен оңтайласа араласып, санамызға сіңірілген.Бабаларымыз ұстанған жолды жаңғырта, жарасымды кейіпте дамыту қажеттігі бөлек әңгіме. Халықтың діни сауаттылығын арттыру қажет деген пікірмен келісемін"-деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі өңірдегі дін мамандарының тапшылығын толықтыру мақсатында «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетімен тығыз қарым-қатынас орнатылғанын айтты.
Мәселен, 2018-2019 оқу жылында білім алып келген ақтөбелік 52 азамат дін саласында қызмет етуде. Сонымен қатар, облыста оңалту жұмыстарының үздіксіз жүргізілуі нәтижесінде арбауға түскен 100-ден астам азамат дәстүрлі дінге оралған.
"Облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуын қамтамасыз етумен қатар, саяси тұрақтылықты сақтау біздің мақсатымыз. Адасуға түскен жандар басқа жақтан келген жоқ . Барлығы да, өз азаматтарымыз. Сондықтан оларға барынша көмек көрсетіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беретін боламыз"- деп атап өтті өңір басшысы.
Жиында шетелдік мамандар өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар оқып, тәжірибелерімен бөлісті.
Айтып өтейік, қазан айының соңында Ақтөбе облысы әкімдігінің және «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің бастамасымен 300 дана дінтанулық 150-ден астам терминнен құралған глоссарий басылып шығатын болады. Глоссариді оңалту жұмыстарымен айналысатын теологтар қолданады.
Келген қонақтар маңызды басқосуды ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасаған Ақтөбе облысы әкімдігіне алғыстарын білдірді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі