Аймақ басшысы жедел әрекет ету штабын өткізді

19 наурыз, бейсенбі Ақтөбе облысы әкімдігінде аймақ басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен жедел әрекет ету штабының отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің барлық орынбасарлары, видеобайланыс арқылы аудан әкімдері, тиісті басқарма басшылары, Ақтөбе облыстық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Алиев қатысты.
Қауіп күннен-күнге күшейіп отырған уақытта қаперсіз отыруға болмайтындығын айтқан облыс әкімі өткен басқосуда берілген тапсырмалардың орындалу барысын тыңдады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірде жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. Барлық қауіпсіздік шаралары жіті бақылауда.
Штаб мүшелері азық- түлік бағасына жүргізілген тексерулер мен сауда орындарында орын алған бірқатар кемшіліктерді атап өтті.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин төтенше жағдайға байланысты Нұржауған Қалауов пен Полиция департаментінің және тауардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқармаларының басшылығына аудан әкімдерімен бірлескен түрде, қауіпсіздік шараларын жан-жақты күшейтуді тапсырды. Жедел штабтың отырысы күніне екі рет өткізіледі. Таңертеңгісін сағ 8:00 де берілген тапсырманың нәтижесі тексерліп, кешкі сағ 20:00 де қорытындыланады. Бұл жедел әрекет ету штабы елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен осындай режимде жұмыс жасап келеді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі